• Бүгін
  • 24.01.2022 |
  • :
  • :
Menu

Жарылғыш содырларға жетпеді

 

1995 жылдың желтоқсан айының басында Алматы әуежайында қазақстандық шекарашылар триллерден де асып түсетін әрекеттің алдын алды. Болгариядан ұшып келген әуе кемесін тексеру барысында ұшақ жарылғыш заттарға «аузы-мұрнынан шыға» толтырылғанын анықтады. Бұл «сәлемдеменің» ондаған жылдан бері әскери іс-қимылдар өршіп тұрған Ауғанстанға арналғаны белгілі болды. Ал құжат бойынша басқа. Біздің оңтүстік астанамыз­дың әуежайы арқылы ұшатын алып лайнерге құжат бойынша ауыл шаруашылығының техникасы тиелген. Ал іс жүзінде анау-­мынау емес, кәдімгі 39 тонна жарылғыш зат.

Негізі оқиға былай өріледі… Транзиттік ұшақ көрші елдің астанасы Бішкектің Манас халықаралық әуежайына қонуға тиіс болған. Сондықтан біздің шекарашылар ұшақтың бортына көтерілуге аса ықылас таныта қоймайды. Алайда аға нарядшы прапорщик Александр Жариковтің зеректігі мен ептілігінің арқасында қару-жарақ өзінің діттеген мекенжайына жеткен жоқ.

«Алматы» шекаралық бақылау отряды бақылаушыларының аға ауысымы прапорщик А. Жариков зерек шекарашы ретінде түйсіктен құралақан емес болатын. Желтоқсанның сол бір күнінде Алматы әуежайына Болгариядан Ауғанстанға бағыт алған әуе кемесі қонады. Александр Алексеевич есіне алғандай, офицерлердің жетіспеушілігіне байланысты бортты рәсімдеумен өзі айналысады. Жүк бөлігінің есігі жартылай ашық күйінде қалады да, осы жерде өзінің ішкі түйсігі бір қауіптен хабар берді ме, әлде бақылаушылар әдеті «іске» қосылды ма, кім білсін, ішіне мұқият көз жүгірткен прапорщик жасыл түсті жәшіктерді көреді. Әскери жәшіктерге ұқсайды. Бұл бірден күдік шақыратын көрініс еді. Сондықтан мән бермегенсіген түр танытқан шекарашы сөз арасында экипаж мүшесінен қандай жүк әкетіп бара жатқанын сұрайды. Ол «ауылшарушылық техникасы» деп жауап береді…

Ауғанстанға бағыт алған ұшақ жолай Бішкекке тоқтауға тиіс болатын, бірақ тағдырдың тәлкегімен экипаж әуе кемесін Қазақстанның сол кездегі астанасына қондырады. Бұл да күдік шақырып тұр еді. Ұшқыштың жауабын үнсіз тыңдаған прапорщик А.Жариков уақытты бос жібермей, тәртіп бойынша баяндайды. Шұғыл келіп түскен ақпаратқа сәйкес оқиға орнына келіп жеткен ҰҚК қызметкерлері бортқа көтеріліп, әскери үлгімен таңбаланған жәшіктерді көреді. Ал құжатта ауылшаруашылығының құрал-жабдықтары деп көрсетілген. Әрі қарай борттағы жүктерді ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп тексеруге кіріскен шекарашылар әуе кемесінің ішінен 39 тонна жарылғыш зат тауып, тәркілейді.

– 31 желтоқсанда болған кезекті кезекшілік кезінде мен борттың жүктерін түсіріп жатқанын көрдім, – деп есіне алады А.Жариков. – Басында ұшақты да тәркілемек болған, бірақ бізге белгісіз себептермен иелері әуе кемесін қайтарып алды.

***

Дәл сол 1995 жылы прапорщик А.Жариков ителгі сұңқарларды контрабандалық жолмен шекарадан асырмақшы болғандардың қадамына тосқауыл жасады. Сол күнгі оқиға да детектив жанрының сюжетіндей өрбіген болатын. Ардагердің айтуынша, экипаждың құжаттарын рәсімдеу кезінде ол құс шаңқылын естиді де экипаж мүшелерінің сөмкелерін тексеруге бұйрық береді.  Бірақ іске нәзік жандының қатысы бар екені анықталған кезде, шекарашылардың таңданысында шек болмайды. Байланған құстар салынған сөмке стюардессаға тиесілі болып шықты.

Қазақстанда ителгі сұңқарларды аулау және әкету проблемасының қаншалықты өзекті екенін жыл сайын, тіпті әлі күнге дейін осындай деректермен бетпе-бет келетін құқыққорғау органдары мен Шекара қызметінің мәліметтерінен білуге болады. Алматы халықаралық әуежайында шекарашылар аталған құстарды заңсыз жолмен алып өтпек болғандарды жиі ұстайды.

2020 жылы «Жыл құсы» атағын сұңқар ителгі алды. Десе де бұл тізімге қарапайым қоқиқаз бен күшіген секілді қанаттылар да ұсынылған болатын. Мамандардың пікірінше, мұндай жыртқыш құсты Қазақстанның барлық жерінде кездестіруге болады. Алайда жыл өткен сайын саны сиреп барады. Міне, ұзақ уақыттан бері сұңқарлар браконьерлердің нысанасына ілінген. Қанатты достарымызды сұңқармен аң аулауда атағы әлемге жайылған Араб Әмірліктеріне жібереді. Құс­тың бағасы тіпті 100-120 мың АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

«Алматы» шекаралық бақылау отрядынан кейін прапорщик ­А.Жариков Өзбек елімен арадағы шекарада содан кейін Қордайда қызмет атқарды. 2006 жылы капитан шенінде әскери зейнетке шықты.

Александр Александрович бүгінде немерелерінің тәрбиесімен айналысады.

– Мен Отаныма адал қызмет еттім, – дейді ардагер, – аз марапатталғаным жоқ, грамоталарым, алғыстарым бар. Мен осында тудым, балаларым да Қазақстанда ержетті, немерелерім өсіп келеді.

Көпті көрген шекарашының шекаралық ведомстводағы қызмет атқарған жылдарынан айтар естеліктері аз емес. Шекара қыз­метінің қалыптасу кезеңінде өзі бетпе-бет кездескен бірде-бір қиындыққа мойыған жоқ. Туған Отанының лайықты азаматы деген атқа кір келтірмеген ардагердің ел шебіне арнаған саналы ғұмыры кіші буын шекарашыларға үлгі-өнеге.

Мәліметпен бөлісу:

Бейне роликтер